8-Наурыз мерекесіне ертеңгіліктер өтті
КМҚК «№115 бөбекжай-балабақшасында» 8 наурыз мерекесіне орай барлық топтарда мерекелік ертеңгіліктер жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – балаларға аналарға, әжелерге деген құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыру, отбасы құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту болды.
Ертеңгіліктер барысында балалар аналар мен әжелеріне арнап әсерлі әндер орындап, мәнерлеп тақпақтар оқыды, ұлттық және заманауи билер биледі. Сонымен қатар, «Ана – өмір шуағы», «Анашым – асыл жан» тақырыптарында шағын көріністер қойылып, балалардың актерлік қабілеттері көрініс тапты.
Мерекелік бағдарламаға түрлі қызықты ойындар мен сайыстар енгізілді. Атап айтқанда, «Ана мен бала», «Шапшаң ана», «Гүл құрастыру» сияқты ойындар арқылы ата-аналар да белсенді қатысып, көтеріңкі көңіл-күй орнады. Бұл балалар мен ата-аналар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етті.
Іс-шара барысында балалар өз қолдарымен дайындаған ашықхаттар мен сыйлықтарын аналарға тарту етіп, шынайы ықыластарын білдірді. Зал мерекелік безендіріліп, көктемнің әсем көрінісі бейнеленді.
Жалпы алғанда, өткізілген ертеңгіліктер мазмұнды да әсерлі өтіп, балалар мен ата-аналарға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қойылған мақсаттар толық орындалып, тәрбиелік мәні жоғары деңгейде жүзеге асырылды.




